Әдептілік әліппесі


Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы,
Дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-лицей-интернат
жоғары санатты тәрбиеші Құрманова Жанар Сақановна

Мақсаты: Оқушыларды әдептілік қағидаларымен таныстыру. Имандылық, адамгершілік ұғымдарын кеңейту. Халқымыздың ұрпақ тәрбиесінде ғасырлар бойы қолданып келе жатқан мақал-мәтелдерін, ырым-тыйым, ұлағатты сөздерінің мән-мағынасын түсіндіре отырып, бабалар рухында тәрбиелеу. Сәлемдесе білуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелеу.
Көрнекілік: ұлағатты сөздер, мақал-мәтелдер. Кітаптар.   Түрі: дәстүрлі.

Тәрбиеші: Қоғамның ең үлкен байлығы – әдепті адам. Себебі, шағын ұжымда, тіпті сыныпта, әдепсіз бір адам болса, ол өзіне ғана емес, сол ұжымға жаман ат келтіреді. Бұны халқымыз: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», – дейді. Әрбір адамның жақсы адам болып шығуының жолы- әдептілік, инабаттылық үрдістерін бойына дарыту, үйрену болып табылады. Әдептілік нәсіл қуатын нәрсе емес.Халқымыз:
Баулытынды батыр болады.
Үйретінді шешен болады,
Көре-көре шешен болады – дейді. Яғни, адам өзінен-өзі жақсы адам болып шыға келмейді. Әдептілік өскен ұясынан, жүрген ортасынан, мектебінен, достарынан, ұстаздарынан алған тәрбиесінен болады. Грек философы Демокрит: «Жақсы адам болып қалыптасу үшін жаратылысынан гөрі, жаттығудың ролі зор» – дейді. Сондықтан, біз сендерді алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан бері халқымыздың ғасырдан-ғасырға сұрыпталып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырымдар мен тыйымдар, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін қолдана отырып, Г. К. Селевконың технологиясын пайдалана отырып, имандылыққа, адамгершілік, достық, сыйластыққа тәрбиелеуге жұмыстар жүргізіп келеміз.
Бүгінгі тәрбие сағатымызды Әдептілік әліппесі деп атап, 1-ші бөлімде, «сәлемдесу рәсімдеріне» 2-ші бөлімде «әдептілік қағидаларына» тоқтала кетеміз.
Ендігі кезекті оқушыларға берсем деймін.
1. «Әдептілік сәлемдесуден басталады» дейді дана халқымыз. Амандасу әр халықтың мәдениетінің алғашқы беташары. Амандасу –бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі. Алғашқы кезде адамдар «Міне, көрдің бе, қолымда дәнеңе жоқ, қарусызбын» дегенді білдіріп, оң қолды көтерген. Осындай ізгі ишара біртіндеп, амандасу рәсіміне айналған. Қазақ халқында амандасу рәсіміне ерекше мән беріледі. Әдетте кіші – үлкенге, аттылы – жаяуға бұрын амандасады.
2. Мұсылман халқында амандық салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөзден басталады. Ол жақсы тілек. «Сізге алланың нұры жаусын деген сөз». Жас адам жолы үлкен, жасы үлкен адамға алдымен ұмтылып, қос қолын ұсынады. Ал, сәлем алушы қария «Уағалейкумассалам» деп, оң қолын ұсынады. Ол «Алланың рақым нұры маған бір есе жауса, сізге 2 есе жаусын» деген сөз. Осылай қол алысып сәлемдесуден кейін амандасушылар алма-кезек:
– Дені-қарныңыз сау ма?
-Мал-жаныңыз, қора-қопсыңыз аман ба?
– Еліңіз тыныш па?
деген сияқты амандасу сұрағын жалғастырады.
3. Қазір біз сіздерге Төле би мен Данагүл көрінісін көрсетейік. Осы көрініс бойынша оқушылар өз пікірлерін айтатын шығар
4. Біз осы көріністен Данагүлдің адамгершілігінің молдығын, үлкенді сыйлай білетін инабаттылығын көреміз.
5. Данагүл үлкен адамдардың алдын кеспей, күтіп тұрды бұл оның үйінде жақсы тәрбие көргендігінің белгісі.
6. Ол өзі ғана емес, алған тәрбиесін жанындағы қыздарға да үлгі қылды, оларды да қариялардың өтіп кеткенін күткізді. Үлкен адамнан бата алды. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», дейді ғой дана халқымыз.
7. «Сәлем беру» қазақ қыздары мен келіндеріне тән ізеттілік белгісі. Келін үлкен адамдарға қолын кеудесіне қойып, сәл иіліп, даусын шығармай сәлем қылады. Үлкендер «көп жаса, бақытты бол», деп бата береді.
8. Бұл көріністен біз жапан далада, түзде жүрген жастардың қасынан жасы үлкен адам өтіп бара жатса, алдын кесіп өтіп кетпей, сәлем беріп, амандасуы қажет екенін білдік.
9. Ауылға келген қонақпен ауыл адамдарының амандасуында белгілі ереже бар. М. үй сыртына таяп келген үлкен адамға аттан түсіріп алғалы тұрған жасы кіші адам бұрын сәлем беруге тиісті. Ал, сырттан үйге кірген кісі қандай жастағы адам болса да, үй ішінде отырғандарға өзі бұрын сәлем беруі керек.
10. Ертелі-кеш өзіңе таныс адамдарды көргенде немесе мұғаліміңді көргенде біз: «Сәлеметсіз бе?» дейміз. Олар да: «Сәлеметсіңдер ме?» деп бізге жауап қайтарады. «Сәлем – сөздің анасы» деп халқымыз осыған сүйеніп айтқан. Сәлем беру дегеніміз – адамдар жүрегіне бастайтын жол.
11. Амандасу рәсімінің бірнеше түрлері бар. Қол беріп амандасу, Төс қағыстырып амандасу, қолдан сүйіп амандасу, көзден сүйіп амандасу, . иіскеп амандасу, маңдайдан сүйіп амандасу.
12. Қол беріп амандасқанда бетті бөтен жаққа бұрып немесе теріс қарап тұрып амандасуға болмайды. Амандасушылар бір-бірінің көзіне тура қарап шын пейілмен, жылы жүзде амандасқандары жөн. Әйел адамның немесе қыз баланың қол беруі міндетті емес.Қол алысу әрқашанда достықты білдіруге тиіс және екінші адамның қолын ауыртпайтындай етіп қысу керек. Қолды селқос, сұлық ұсынған дұрыс емес.
13. Төс қағыстырып амандасу ер жігіттердің, батырлардың шынайы достығын, кездесуге қуанашын білдіреді. Бір-біріне сенетін жігіттер ғана осылай амандасады.
14. Қолдан сүйіп амандасу – әжелердің, апалардың жақсы көретін балаларын, жасөспірімдерді қолынан сүюі. Қолдың сыртынан ғана сүйеді, алақаннан сүюге болмайды.
15. Көзден сүйіп амандасу әжелер мен апалардың өте жақсы көретін немерелерін сағынғанда көзінен сүйіп амандасады.
16. Иіскеп амандасу – қариялар, ақсақалдар кішкентай бөбектерді иіскеп амандасады.
17. Маңдайдан сүйіп амандасу – үлкен адамдар кішкентай балалардың, жеткіншектердің маңдайынан сүйіп амандасады.
18. Көпшілік отырған жерге, дастархан басына келген кісі әрқайсысына емес, жұрттың бәріне ортақ бір ғана сәлем береді.Тамақтанып отырған кезде, ас үстінде қол ұсынбайды. Қолғапты, бас киімді шешіп амандасу да адамды құрметтегендіктің белгісі.
19. «Сәлеметсіз бе?» кішігірім ғана бір ауыз сөз. Ал, бірақ бұл «Мен сені аман-есен ұшырастырып тұрмын, ағайын. Пейілің жарқын, жүзің ашық болсын, мен сені сыйлаймын, сені де сыйластық танытады деп білемін. Өз басым саған денсаулық, амандық, бақыт тілеймін» деген бірқауым ойларды білдіреді. Телефон шалған адам алдымен сәлемдесіп алып, одан кейін барып өзін таныстырып, шаруасын айтады.
20. Сәлемдескенде ешқашан дауысты көтермей, жылы шыраймен ізет көрсету – сәлемдесу әдебінің шарты. Дауыс ырғағының өзі маңызды қызмет атқарады. Кейбір елдерде адамдар дауыс ырғағынан-ақ «кім екеніңді білдім» дейді. Бұл кездейсоқ айтылған сөз емес. Көнекөз қария бір сәтте-ақ бойыңыздағы барлық қасиетіңізді байқап қалады. Егер сен амандасу үстінде қабағыңды шытып, естілер-естілмес ерніңді жыбырлатып немесе үлкен кісінің қолын қаттырақ қысып жіберсең, дөрекілігің бірден көрінеді.
21. Сәлемдесудің әдеп ретіндегі ең басты шарты – жылы шырай екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті әркім қалай сәлемдесе білуді, өзінің қас-қабағын, дауыс құбылысын қадағалап, алдындағы адамға жақсы әсер қалдыратындай болуына талпынуы керек.
22. Менің ойымша, жастардың үлкендерге қалшиып тұрып, бір қолын ұсынуы немесе шарт еткізіп дыбыс шығаруы да әдепсіздік болады. Сондай-ақ немкетті, саусақтарын былқ еткізіп ұстата салу, басқа біреуге қарап тұрып амандасу да әдептілікке жатпайды.
23. Топ адамның ішінен атақты-абыройлы деген бір-екеуімен ғана алалап сәлемдесіп, қол алысу – барып тұрған әдепсіздік. Бұл сәлем берілген адамдардың өзін ыңғайсыз жағдайда қалдырады да, сәлем берілмегендер үшін ашықтан-ашық қорлау болып табылады.
24. Қазақта «Алыстан 6 жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді» деген дәстүр бар. Алыстан келген кісіге сәлем беру тәртібі жасқа байланысты емес. Ал, кездескенде кіші үлкенге сәлем бермей кетсе, ол көргенсіздік, әдепсіздік болады.
25. Қазақ тілінде әдептілік, сыпайылық, ізеттілік деген сөздердің түп мағынасы бар. Ол –адамгершілік. Яғни, ата-анаңды құрметтеу, үлкенді сыйлау, шыншыл және әділетті болу, сондай-ақ адамның көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуі.
26. Адамның қоғамда бағалануы, ардақталуы, қадір-қасиетінің болуы – оның адамдармен қарым-қатынасын адамгершілік принциптерге құруына байланысты болады. Жақсылық пен жамандық адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Халқымыз қайырымды жанды адамгершіл деп дәріптеген.
27. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені, адам өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттілігімен ардақты. Осыған орай күнделікті өмірде «жақсы адам» немесе «жаман адам» деген әдептілік бағасы беріліп жатады. Ал, әдептілік жағынан кіршіксіз таза болу дегеніміз – адамгершіліктің асқар шыңы.
28. Әдептілік ережелерін сақтау табиғи және мейлінше емін-еркін болып, ешқандай жағыдайда екіжүзділікке, өтірік ұялшақтыққа негізделмеуі тиіс. Адам өзінің әдептілік сезімін жетілдіре алуы үшін, көбінесе, өзін ойша басқа адамның орнына қоя алуы керек.
29. Әдептілік қағидалары сан алуан, солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетсек:
Әдепті адам өзінің белгілі бір адамды жек көретінін байқатпайды және шамадан тыс ұнатқандық сезім де білдірмейді, өйткені мұның өзі айналасындағылардың көңіліне келуі әбден мүмкін.
30. Таныс адамды ыңғайсыз жағдайда көріп қалғанда, оны байқамаған сыңай білдіріп, мұны ешқашан оның есіне салмау, әрі басқа ешкімге айтпау әдептілік болып табылады. Адамның қоғамға зиян келтірмейтін кемшіліктері мен әлсіз жақтарын басқалардың алдында әшкерелемеу керек. Кемтар, кекеш, саңырау, ақсақ және т.б. адамды сырттай болса да күлкі қылу және келеке ету әдепсіздік қана емес, сондай-ақ дөрекілік те. Мұндай қалдегі адамдарға ерекше ілтипат және жанашырлықпен қарау керек. Жанашырлықты әдептілік сезімі билеуі тиіс.
Сұрақ: соңғы сөйлемді қалай ұғамыз?
31. Жасы үлкендердің арасында адам өзін-өзі ұстай білуі және қимыл-әрекет мәнері жөнінен құрбы-құрдастары арасында болғандағысынан гөрі әлдеқайда жинақы болуы керек. Бұл арқылы ол үлкендерді құрметтейтінін көрсетеді.
32. Тұрғанда тікесінен тік, бірақ емін-еркін тұруы қажет. Аяқты олпы-солпы басып, қалай болса солай теңселе ырғалаңдай жүруден аулақ болу керек.
33. Көшеде кісілерге дөрекі қарап, олардың сырт бейнесіне күлу сыпайылық емес. Үнтаспаны елге естіртіп жүру, жүріп келе жатып тамақ жеу, жарамсыз билет және қажетсіз нәрселерді көшеге тастай салу әдепсіздік болып табылады.
34. Қоғамдық көліктерде мүгедектерге, балалы кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге, ересек кісілерге орын беріледі. Ер балалар отырып, қыздардың түрегеп тұруы ерсі көрінеді.
35. Иә, әдептілік әдебі осы сияқты инабаттылық үрдістері болып табылады. Әдептілік бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау ұлттық тәртіпке, ережеге амалсыз бағыну емес, қайта сол заңдарды құрметтеу, қастерлеу, адамгершілік борышты өтеу болып табылады.

Әдептілік әліппесі

36. Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ-табақты,
Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Саусағыңды сормағын,
Салдыр-салақ болмағын
Салма аузыңа инені,
Үзбе жұлқып түймені
Ашуланбай, долданып,
Жауап бергін ойланып
Құр бекерге қылтима,
Болмашыға бұртима,
Іштарлыққа жол берме,
Бақталастық білдірме,
Мақсат қоймай алдыңа,
Қыдырып, құр қаңғырма!
Сыйлап үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні.
Сақта көше тәртібін,
Бағдар шамның ал «тілін»
Әдет қыл бұл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.

Жігіттің 9 жауынан сақ бол.

1. Басты жауың – жалқаулық,
Сорлататын жаныңды.
2. Осалдығың – аңқаулық,
Соқтыратын саныңды.
3. Жасқаншақ болсаң, ұры алар,
Қоралап қойған малыңды.
4. Жалатқызбас жасықтық,
Аузыңдағы балыңды.
5. Өтірік айтсаң, өңмеңдеп,
Жоғалтасың арыңды.
6. Өсек терсең телмеңдеп,
Суға кетірер салыңды.
7. Көпірме, босқа мақтан қып,
Түкке тұрмас барыңды.
8. Көрінгенге жалтақтап,
Бола алмайсың жағымды.
9. Біреуді алдап, арбаумен,
Аша алмайсың бағыңды
. (Жаттап ал)

Әдепті бала әдептілікті қайдан үйренеді?

Мақал-мәтелдерден, мектептен, ата-анадан
Журналдан, газеттен мұғалімнен, Суреттерден,
Кітаптан, театрдан жақсы адамнан
Нақыл сөздерден, ұлағатты сөздерден алады
.

Әдептілік туралы мақал-мәтелдер:

1. Әдепті бала арлы бала
Әдепсіз бала сорлы бала
2. Әдепті бала ата-анасын мақтатар,
Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
3. Әдептіліктің белгісі – иіліп сәлем бергені.
4. Сіз деген әдеп, біз деген көмек.
5. Әдептің не екенін әдепсіз адамды көргенде білесің.

6. Әдептілік-ар, ұят – адамдықтың белгісі.
7. Қадірлі кісі қартаймас
8. Ұят- адамгершіліктің бір жемісі
9. Аға әдепті болса, іні әдепті
Апа әдепті болса, сіңлі әдепті.
10. Мейірімділікті анадан үйрен,
Әдептілікті данадан үйрен.
11. Әдепсізге қарап, не істемеуді үйрен. ( Өзбек мақалы)

Әдептілік туралы тыйым сөздер:

1.Үлкен кісімен сөйлескенде қолыңды қалтаға салып тұрма,
2.Үлкен кісімен сәлемдескенде қолыңды бұрын ұсынба,
3.Біреумен сөйлескенде бетіне қадала қарап, тақалып тұрма, ыржалақтап күле берме, немесе мөлиіп тұрма.
4. Біреудің дүниесіне таңдана қызығып, тесіле қарама.
5. Біреудің дүниесін өз бетіңмен аударыстырып, ақтарма.
6. Ата-анаңның бетінен алма.
7. Үйде отырып ысқырма.
8. Біреумен сөйлескенде керексіз нәрсені қазбалап сұрай берме
9. Әркімді бір кекетіп , мұқатпа.
10. Тамақ ішкенде ашкөзденіп, қомағайланып кетпе.
11. Бас киімді теппе, айналдырма, аяқ асты тастама.
12. Үйдің ішінде ысқырма.
13. Малды бастан ұрма.
14. Нанның үстіне зат қойма.
15. Жасы үлкеннің алдын кеспе, одан жоғары отырма, сөзін бөлме.
16. кемтар адамға күлме.
17. Кісіге сыртыңды берме.

Ұлағатты сөздер:

1. «Жақсы адам болып қалыптасу үшін жаратылысынан гөрі, жаттығудың ролі зор» Демокрит.
2. «Жігіт адмға 3 нәрсе кесір болады: 1- еріншектік, 2- ұйқышылдық, 3- тіл алмау. Содан сақтан». Әйтеке би.
3. «Біз өз бойымызда әдеп сезімін дамытуға тиіспіз. Өйтпесек, адамдардың ілтипатынан оп-оңай айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл қателігі үшін адам өмірде көп зиян шегеді. Және, өкіншке орай, ұрпақтарын осы ауыр зияннан құтқара алмай-ақ келеді». И. Гете.
4. «Шынайы сыпайыгершілік адамдарға тілектестікпен қараудан құралады». Ж. Ж. Руссо.
5. «Дөрекі болу – өз басының қадір-қасиетін ұмыту деген сөз».
Н. Г. Чернышевский
6. «Осыншама әдептілікті кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда Лұқпан Хакім: «әдепсізден үйрендім» – депті.

«Сиқырлы таяқша» ойынын ойнау. Балалар дөңгелене тұрып, «Сиқырлы таяқшаны» бір-біріне сол баланың жақсы қасиеттерін айтып ұсынады.
Қорытындылау:

Ж – жігерлі
А – адал
Қ – қайырымды
С – сыпайы
Ы – ынтымақты
Ж – жалқау
А – арам
М – мейірімсіз
А – арсыз.
Н – надан

Жомарттық, батылдық, шыншылдық, сыпайыгершілік, әділдік пен достық, ар мен намыс және тағы басқа да адамгершілік категориялары сонау көне дәуірден басталып, күні бүгінге дейін өз маңызын еш жоғалтпай келеді.
«Егер сені ешкім қадір тұтпаса, мұның себебі өзіңде екенін ұмытпа».

Categories: Uncategorized

Tagged as: ,

0 replies »

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s